Білім саласына инвестиция азайған
Білім саласының жалпы инвестициядағы үлесі 1,5%, өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл 1,9% болған
2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша білім саласына құйылған инвестиция көлемі 111,3 млрд теңге болған, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7,8% аз. Білім саласының жалпы инвестициядағы үлесі 1,5%, өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл 1,9% болған. Бұл туралы finprom.kz хабарлайды.
2018 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша білім саласына салынған инвестиция көлемі 204,9 млрд теңге болып, 22,7% құраған.
2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында білім саласы бойынша ең көп инвестиция салынған Түркістан облысы (21,8 млрд тг), бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен есептегенде 42,9% артық. Үздік үштіктің қатарына Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары да кіреді. Бірақ, ол қалалардағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда елордада 0,7%-ға, Алматыда 17,5%-ға төмендеген.
Жалпы қаржыландырудың барлық көздері бойынша білім саласына инвестиция көлемі азайған. Инвестицияның басым бөлігін әдеттегідей бюджет қаражаты құрайды: 83 млрд тг (жыл бұрын — 87,7 млрд тг). Биыл оның 43,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 39,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Бизнестің меншікті қаражаты 27,9 млрд теңгені құрап, бір жылда 0,3%-ға азайған.