Алматыда 1200 адамға арналған жаңа мешіт ашылды
Алатау ауданының Алғабас шағын ауданында орналасқан жаңа мешітте бір сәтте 1200-ден астам адам қатар тұрып, намаз оқи алады

Алғабас мешітінің бас имамы Сәкен Амангелдіұлының айтуынша, мешіт құрылысы 2018 жылдың 1-қаңтарында басталған. Алла үйі «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған
Мешіт екі қабаттан тұрады. Мұнда дәріс өткізетін бөлме, әйелдер намазханасы және сыртта да іште де дәрет алатын бөлмелер қарастырылған
Мешітте барлығы төрт адам - бас имам, екі наиб имам мен бір ұстаз қызмет көрсетеді. Іргелі мен Алғабаста 17 мың халық болса, бұл сол халыққа ортақ жалғыз мешіт.
Мешіттің күмбезі 18 метр. Айналасы көгалдандырылған. Тұрғындар сауат ашу курсын да осы мешіттен үйрене алады. Бұған дейін алғабастықтар ескі, бір қабатты, шағын мешітте қысылысып намаз оқып келген еді.
Бүгін алғашқы жұма намазы оқылған құлшылық ету орталығы Алматы қаласындағы 51-мешіт болып тіркелді
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы