Ирактан қайтарылған балалар туыстарымен қауышты

Автор: Azattyq Rýhy

Алдағы уақытта бұл балалар мемлекет тарапынан бақылауда болады 

Фото: ҚР ІІМ

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні қарсаңында 27 қарашадағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ирактан Қазақстанға қайтарылған балалар жақын туыстарына берілді, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Балалар еліміздің тәуелсіздігі күні қарсаңында «Бәйтерек» басында өз туыстарымен қауышуы өте символикалық мәнге ие. Себебі, олар «Бәйтерек» мүсінін өз суреттерінде салып, оның ішінде бір болып көруді, еліне оралуды армандап келген. Бүгін сол армандарының барлығы орындалып, туыстарымен қауышты. Әр баланың арманы орындалуы тиіс және мемлекет те соған мүдделі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қазақстандық дипломаттар бірлестігі мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі атынан балаларға естелік сыйлықтар берілді.

Алдағы уақытта олардың болашағы мемлекет тарапынан бақылауда болады. Олар еліміздегі барлық балаларымен бірге жалпы білім беру мекемелерінде еш кедергісіз білім ала алады.