ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

«Несиеңді өтемесең, ЖСН-іңді бұғаттаймыз» – мемкорпорация алаяққа ермеуді ескертті

Павлодарда өзін «ХҚО қызметкерімін» деп таныстырған бәз біреулер азаматтарға қоңырау шалып, «несие борышын өтемесе, ЖСН нөмірін бұғаттаймыз» деп қорқытқан

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева алаяқтардың пайда табу үшін қолданатын айла-амалдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Мәселен, Павлодарда өзін «ХҚО қызметкерімін» деп таныстырған бәз біреулер азаматтарға қоңырау шалып, «несие борышын өтемесе, ЖСН нөмірін бұғаттаймыз» деп қорқытқан. Алаяқтар азаматтардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазып, СМС жіберіп, телефондарына қоңырау шалып мазалаған. Кейін ақша аударылуы тиіс банк картасының нөмірін айтып отырған.

«Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды және ЖСН бұғаттау құзыры жоқ», – деп ескертті Балташева.

Қарағандылық тағы бір тұрғын алаяқтықтың құрбаны бола жаздады. Оған «ХҚО қызметкерімін» деп қоңырау шалған адам Нұр-Сұлтан қаласындағы пәтер бойынша кезегінің жақындағанын хабарлаған. Сөздері дәлелді болу үшін алаяқ тіптен жалған құжаттың суретін де жіберген. Дегенмен, «пәтерге ие болу үшін қарызыңызды өтеңіз» деп талап еткен. Бірақ тағы да қандай несиені жабу керектігін нақтыламаған.

«Мемлекеттік корпорацияда құжатта көрсетілген тұрғын үй бағдарламасы туралы еш мәлімет жоқ және ол туралы халықты құлағдар етпейміз. Бұл – алаяқтықтың тағы бір схемасы деп ойлаймыз, олар тек сенгіш азаматтардың ақшасын кез келген жолмен тартып алуды көздейді», – дейді басқарма төрайымы.

Балташева қазақстандықтарға қырағылық танытуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және мұндай жағдайлар кездескен жағдайда, құқық қорғау органдарына хабарлау қажеттігін ескертті.

Тегтер: