Банкирлер ісі: Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы сот залына жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Жомарт Ертаевтың сотына барлығы 37 адам тартылса, олардың 9-ы қамауға алынған

Күшейтілген күзет арқылы сот залына жеткізілгендер арасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы Бақыт Ибрагим де бар. Экс-банкир Жомарт Ертаев бастаған күдіктілердің барлығына  ірі көлемде ақша жымқырды деген айып тағылған. Qazaq Bankiнің акцинонері Бақыт Ибрагимді интерпол былтыр сәуір айында Германияда ұстап, маусым айында Қазақстанға экстрадициялаған еді. Оған Qazaq Banki акцияларының 10,71 пайызы тиесілі.

Ибрагим 2017 жылдың 12 маусымына дейін Qazaq Banki директорлар кеңесінің төрағасы болған. Бүгінде үстінен іс қозғалып, тергеу абақтысында отырған 34 жастағы Бақыт Ибрагим Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың үлкен қызына үйленген. Экс-күйеу бала 2009 жылы «Қазақстан Эксимбанк» АҚ-да үш ай жұмыс істеген. Сондай-ақ ол «SAKURA Oil Trade» компаниясының коммерциялық директоры, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ Бас директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары сынды лауазымды қызметтерді атқарады. «AgroGroup 2013» ЖШС, «Qazaq Capital» ЖШС, «Sakura Energy» сынды компаияларда жетекшілік еткен.

Енді Бақыт Ибрагим ҚР ҚК 189 бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 4-бөлігі, 2-тармағы,  28 бабының ( Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушы) 3 бөлігі бойынша айыпталып отыр.

Айта кетейік, бүгін Алматыда Жомарт Ертаевтың соты басталды. Қазақстанның бизнес-қауымдастығы үшін резонанс тудырған Жомарт Ертаев 2009 жылдың тамыз айында тұтқындалған. Ол кезде оған Альянс банктің бұрынғы төрт басшысымен бірге 1,1 миллиард долларды жымқырды деген айып тағылған еді. 9 айын тергеу изоляторында өткізген қаржыгер қомақты айыппұл төлеп құтылған.

Оқи отырыңыз: Белгілі банкир Жомарт Ертаевтың ісі сотқа түсті