Петропавлда ауа улы газбен ластанды
Қала сыртындағы биотоған 70 жыл тазаланбаған

Петропавлда ауа құрамындағы күкіртсутегі нормадан 13 есе артты. Қала сыртындағы биотоғаннан бөлінген зиянды газ қоршаған ортаны ластап жатыр. Көктем келісімен шыға бастаған қолқаны қабатын иіс қала тұрғындарын әбден мезі еткен, деп деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
БИОТОҒАН 70 ЖЫЛ ТАЗАЛАНБАҒАН
Биотоғанның қолданысқа енгізілгеніне 70 жылдан асқан. Қойма содан бері тазаланбаған. Жел бағыты қаланы бетке алса немесе тымық болса, айаланы жағымсыз иіс жайлайды. Далаға шықпақ түгілі, терезені ашып, үйді желдетудің өзі мұң. Жылда көктемде қайталанатын құбылыс биыл тіпті күшейді.
«Петропавл қаласы бойынша атмосфералық ауаның ластануы 4 бекетте бақыланады. Күкіртсутегінің жоғары деңгейі 17 мамыр күні тіркелді. Бүгін жағдай тұрақталды. Ауаның ластануы алдын-ала болжанса, дауылды ескерту жарияланады. Күкіртсутегінің жоғары мөлшері кеше, жұмыстан тыс уақытта тіркеліп, бірер сағаттан соң түсті. Сондықтан қала халқына хабарлама жолданған жоқ», - дейді «Қазгидромет» филиалының зертхана меңгерушісі Оксана Гордиенко.
Мониторинг жүргізген Қазгидромет мамандары ауадағы күкіртсутегінің мөлшері бүгін төмендегенін айтты. Алайда қаланың кейбір аудандарында қолқаны қабатын иіс әлі шығып тұр.
«Күнде кешке далада серуендейтінбіз. Кеше үйге тез кіруге тура келді. Тыныс алу мүмкін болмай кетті. Жағымсыз иістен жүрек айниды. ОНың денсаулыққа зияны туралы айтпаса да түсінікті. Білуімше улы зат адам өкпесінде жиналып, кейін сырқатқа алып келуі мүмкін. Билік өкілдері бұлай қол қусырып отыра бермей мәселенің түйінін табуы тиіс деп ойлаймын. Күнде тамақ пен мұрынды ашытатын иістен мезі болдық», - дейді қала тұрғыны Айнұр Кәрімова.
Ал экологтар ауа құрамындағы күкіртсутегінің шамадан тыс көбейіп кеткенінін растамады. Олар биотоғанда бірнеше рет мониторинг жүргізгенін алға тартып отыр. Экологиялық департамент жетекшісі Жаслан Садуев ауаның ластанғанын жоққа шығарды.
«Өткен жылдары ауаның қатты ластануы тіркелген жоқ. Қазгидрометтен» ескерту келді. Биотоғанға бардық. Құрамындағы заттарды өлшедік. Нормадан асқан ештеңе жоқ. Жергілікіті тұрғындар мен БАҚ өкілдері тарапынан көп шағым түсіп жатыр. Иістің шығып тұрғаны белгілі. Бірақ күкіртсутегінің нормадан асқанын біз тіркеген жоқпыз. «Қызылжарсу» мекемесімен байланыстамыз, олардың мәліметінше олар жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Аяқтауға қаржы тапшы. ТОған биылдың өзінде бірнеше рет тексерілді. Бірақ бәрі нормаға сай. Адам күкірт қышқылына сезімтал. Шағым сондықтан көбейді деп ойлаймын», - дейді шенеунік.
ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ ҚОЛДАУ ТАППАДЫ
Биотоған Петропавл қаласын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» мекемесінің қарамағында. Оның сыйымдылығы 12 миллион текше метр. Петропавлда күн сайын оған 35-40 мың текше метр кәріз суы құйылады. Мамандар оны тазартуға қаржы тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтады. Өткен жылы жергілікті ғалымдардың тоғанды тазалау жөніндегі ұсынысы қолдау таппады. Биыл оның зардабын тұрғындар тартып жатыр.
«Иістің әсерінен басым ауырды. Тіпті ерте жатып қалдым. Күн ыстық. Терезені де аша алмай, тұншықтық. Ең сорақысы, бұл проблеманың қашанға дейін жалғасатыны да белгісіз. Жаз бойы осындай күй кешпесек екен деп қорқамын», - дейді қала тұрғыны.
Биотоған Петропавл шетінен нәбірі үш шақырым қашықтықта орналасқан. Желдің бағыты қалаға қарай соқса, зиянды бактериялардан бөлінетін жағымсыз бүкіл қалаға жетеді. «Су ғылыми-технологиялық орталығы» серіктестігі тоғанды зиянды бактериялар мен жағымсыз иістен тазарту мәселелесінің шешімін ұсынған. Мекеме директоры Александр Рейбандтың айтуынша, арнайы балдырлардың көмегімен жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Серіктестік «Chlorella vulganis SKO» атты штамм түрін ойлап тауып, патентке ие болған. Су қоймаларын тазалау технологиясына да арнайы сертификат алған. Яғни, Chlorella балдырлары жағымсыз иісті тарататын бактериялармен қоректенеді. Осылайша жағымсыз иісті жоюға, тіпті суды техникалық мақсаттарға пайдалануға болады. Өнертабысты пайдалану арқылы ауаны тазылып, қала тұрғындарын жағымсыз иістен құтқаруға болар еді.
«Бактерияларды су қоймасына мұз қатқан кезде жіберген дұрыс. Бұл жұмысты жүзеге асыруға қараша мен желотқсан айлары қолайлы мезгіл. Мәселен, біздің биотоған үшін 6 тонна балдыр қажет. Ол қыс бойы тоғанда жатып, орнығады. Күн түсіп, мұз ери бастағанда балдырлар оянып, судың беткі қабатына шығады. Оттегі бөліп, күкіртсутегін залалсыздандырады», - дейді «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбанд.
Жобаны жүзеге асыру мәселесі Петропавл қалалық әкімдігі тарапынан қолдау тапқанымен, іс жүзінде нәтиже жоқ. Бұл мақсатқа 48,5 миллион теңге қажет.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО