Министрдің есебіне сәйкес, олардың саны жыл сайын азайып келеді
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халыққа есеп беру кездесуінде қазақстандық спортта орын алған легионерлердің рөлі жөнінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Легионерлер санын азайту мәселесі өте өзекті. Олардың санын реттейтін ережелерге сәйкес, жыл сайын легионерлер саны азайып келеді. Сонымен қатар жақсы нәтижелерге қол жеткізетін спортшылар да бар. Мысалы, бізде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Зульфия Чиншанло бар, ол 14 жасында Қазақстанға келіп, біздің спорт мектептерімізде оқып, осындай тамаша нәтижелер көрсетті», - деді Ақтоты Райымқұлова.
Министр «ҚР азаматтығын алғысы келетін тұлғалар кемінде үш жыл Қазақстан жерінде тұруы тиіс» екенін еске салды.
«Олар енді легионерлер емес, біздің құраманың ойыншылары болады. Әрине, ең бастысы, біз жыл сайын ойын алаңындағы легионерлер санының азаюын қадағалаймыз. Сонымен қатар, легионерлердің саны аз болған сайын, біз талантты жастарымызға, қазақстандық спортшыларға әртүрлі спорттық жарыстарда өздерін көрсетуге мүмкіндік береміз. Мысалы, бүгінде Қазақстан құрамасында су добы бойынша бірде-бір легионер жоқ. Барлығы – Қазақстанның азаматтары», - деді Мәдениет және спорт министрі.
Еске салайық, есептік кездесуде Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алған Қазақстан спортшылары туралы белгілі болды.