Алматыда 72 отбасы тұратын көпқабатты үй қисайып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті жұрт үйдің қисайып кетуін өрт сөндіру құбырынан аққан сумен байланыстырады

Зерделі-6 ықшам ауданындағы № 1/179  үйдің тұрғындары ғимараттың қисайып кеткені жайлы әкімдікке түнде хабарлаған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған 9 қабатты үй 2013 жылы пайдалануға берілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Тұрғындар бұл үйді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы алған.

«Пәтерлер тұрғындарға «Жас отбасы» бағдаралмасы бойынша берілген. Үйдің қисайып бара жатқанын алдымен көршілер байқаған. Үйдің қатты қисайғаны білініп тұр. Екі кіреберісі бар көпқабатты үйде 72 пәтер болса, барлығында тұрғындар жайғасқан», - деді Зерделі шағын ауданының тұрғыны Әсем Сыдықова.

Жергілікті халық үйдің қисайып кетуін өрт сөндіру құбырынан аққан сумен байланыстырады. Айтуларынша, жазда өрт сөндіру қызметінің мамандары келіп, су алатын құдықты (гидрант) бүлдіріп кеткен. Одан шыққан су жаз бойы үйдің іргетасына қарай аққан.

Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үй 30 см қисайған. 

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі оқиғаны растағанымен, аталған жағдайға байланысты жасалатын жұмыстар мен қабылданған шешімді кейінірек беретіндерін мәлімдеді.

Ал қазір оқиға орнында барлық жауапты мекеменің өкілдерімен қатар ТЖД мамандары да жұмыс істеп жатыр.

«112 пультына кеше түнде, сағат 21:10 тұрғыннан хабар келді. Оқиға орнына біздің мамандар барды. Түнімен қалада тұман болғандықтан өлшеу, өзге де жұмыстарды жасауға мүмкіндік болмады. Қазір оқиға орнында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өзге ақпаратты бере алмаймыз. Өйткені ІІМ мен әкімдіктен бұйрық келді», -деді Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Нұрымбетова

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы