Білім министрі биылғы ҰБТ жайында: Балаларға барынша қолайлы жағдай жасалды
Енгізілген өзгерістердің бәрі талапкерлер бойындағы эмоционалдық стресс деңгейін төмендетеді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатқан пункттердің біріне барып, электронды форматта өтіп жатқан тестілеу барысымен танысты. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің жазуынша, талапкерлер ҰБТ-ны компьютерлік форматта тапсырудың өте ыңғайлы екенін айтқан.
Алғаш рет электрондық форматта өтіп жатқан ҰБТ нәтижелерін қатысушылар бірден біле алады.
Биыл 130 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр.
Асхат Аймағамбетов ұлттық тестілеу барысына енгізілген өзгерістер жайына тоқталды.
«Балалар тестілеуді бұрынғыдай тек бір-ақ рет емес, екі рет тапсыра алады. Сәйкесінше нәтижесі көңілінен шыққан сертификатпен грант тағайындау конкурсына қатысады», - деді министр.
Тестілеу форматы түбегейлі өзгерді:
1. Егер бұрын түлектерге қағаз кітапшалар мен жауаптарды бояп толтыру парақтары таратылса, енді тестілеу электрондық форматта жүргізіледі.
Әр қатысушыға компьютер беріліп, оның әрекеттерін бейнекамералар бақылайды. Прокторинг жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер балаларды камера арқылы бақылап отырады.
Тапсырмалардың нұсқалары тестілеуді тапсырар алдында автоматты түрде құрылады, ҰБТ-ны тапсыру орны мен уақытын әр қатысушы өзі анықтайды.
2. Енді жүз мыңдаған түлектің тестілеуден өтуіне бұрынғыдай бір апта ғана берілмейді. Тестілеудің өткізілу мерзімі екі айға дейін ұзартылды. ҰБТ-ны қашан тапсыру керек екенін әркім өзі таңдайды.
Министр түлектер үшін ҰБТ-ның қалыпты іс-шара ретінде өткенін қалайтынын атап өтті.
«Біз IELTS, Қазтест немесе басқа да кез келген емтихандарды тапсыру сияқты ҰБТ-ның қалыпты іс-шара ретінде өткенін қалаймыз. Менің ойымша наурыз айында ҰБТ осылай өтті. Енді мұғалімдер де, мектеп әкімшілігі де балалардың ҰБТ тапсыруы үшін көптеген құжаттарды жинап, әуре болмайды. Талапкерлер ҰБТ тапсыратын орынды, қолайлы күн мен уақытты өзбетінше таңдайды. Сонымен қатар біз балаларға тестілеуді екі рет тапсыруға мүмкіндік бердік. Олар мемлекеттік гранттарды тағайындау бойынша конкурс кезінде ҰБТ-дағы екі сертификаттың қайсысын пайдаланатынын өздері шешетін болады. Мұның бәрі балалардың бойындағы эмоционалдық стресс деңгейін төмендетеді», - деді Асхат Аймағамбетов.
3. Өткен жылы тест тапсырушыларғы алғаш рет калькуляторларды пайдалануға рұқсат берілді. Енді калькуляторлар да, Менделеев кестесі де компьютерде қолжетімді.
4. Бюджет қаражаты мен педагогтердің уақытын да үнемдейміз. Жыл сайын 2 мыңнан астам педагог ҰБТ кезінде басқа өңірлерге іссапарға жіберілетін еді. Бұл ретте қонақүй және тәулік шығындарын, сонымен бірге орын алуы мүмкін адами факторларды ескеру қажет болды.
5. Сұрақтардың мазмұны да функционалдық сауаттылықты тексеру жағына қарай өзгерді. Мен бұл туралы бұған дейін де жазып едім. Атаулы күндер мен басқа да фактілер бойынша құрастырылатын сұрақтардың саны айтарлықтай азая түсті.
6. Жүйенің өзі ақпараттық қауіпсіздік сынағынан сәтті өтті, тиісті аттестаты бар.
«Жалпы, біз балаларымыз үшін барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Барлығы тең дәрежеде, академиялық адалдық қағидаларын ұстана отырып, әділ түрде грант тағайындау конкурсына қатысады», - деп сөзін түйіндеді министр.