ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Алматыда ҰБТ басталды

 Биыл Алматыда 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыратынын хабарлады.

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ҰБТ басталды. Бір күнде екі лек болады, деп хабарлайды Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі.

ҰБТ-ға қатысушылар ұлттық униыерситет ғимаратының алдына сағат 7.30-да жиналды. Әр адам тексеруден өтті: жеке басын сәйкестендіру, санитарлық өңдеу, сондай-ақ тыйым салынған гаджеттердің бар-жоғын визуалды тексеру.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Жандос Құмғанбетов биыл Алматыда 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсыратынын хабарлады. Олардың әрқайсысының екі мүмкіндігі бар, бірінші кезең 10 наурыздан 26 сәуірге дейін өтті, ол жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді. Бүгіннен бастап грантқа түсуге мүмкіндік беретін ҰБТ басталды. Тестілеу 30 маусымға дейін жалғасады.

«ҰБТ - ны екі лек бойынша өткіземіз, таңертең сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін және түстен кейін сағат 14.00-ден 18.00-ге дейін. Бұл карантин шараларын сақтау мақсатында жасалды, әрбір оқушының өз дербес компьютері бар, ал нәтижесін тест аяқталғаннан кейін бірден білуге болады», - деді БҒМ өкілі Жандос Құмғанбетов.

Ұлттық тестілеу орталығының өкілі ҰБТ-ның электрондық форматы жаңа заман талабы екенін, оның үстіне ол оқушыларды қатты күйзеліске түсірмейтінін айтты.

ҚазҰУ базасында Ақпараттық қауіпсіздік қатаң сақталған, санитарлық нормалардың сақталуын, сондай-ақ аудиторияға тыйым салынған заттардың әкелінбеуін қадағалайтын қызметкерлер кезекшілік атқарады. Әзірге бұзушылықтар анықталған жоқ.

Карантиндік шаралардың қатаң сақталуын медицина қызметкерлері, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қадағалайды. Тексерушілер, оның ішінде ювеналды полиция қызметкерлері бүкіл периметр бойынша бөлінді, олар тәртіпті қадағалап, тестілеу пунктіне бөтен адамдарды жібермеді.

Университет аумағына бөтен адамдарға рұқсат етілмейді, бірақ ата-аналарға процесті сырттан бақылауға рұқсат етілді.

Сонымен қатар, ҚазҰУ-ге кіреберісте тестіленушілерді санитарлық тексеру жүріп жатыр. Оқушылардың әрқайсысы дезинфекциялық туннельден өтіп, дезинфекциялық төсенішті басады. Сол жерде олардың  жеке бастарын сәйкестендіреді. Кіреберісте санитайзерлер орнатылған. Ал медицина қызметкерлері температураны өлшеп, жаңа бетперде береді.

Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін кіреберістің периметрі бойынша шектеу белгілері орнатылған. Бетперде режимі сақталған.  

Айта кетейік, биыл тестіленушілер Face-ID бойынша сәйкестендіруден өтеді. Оқушылар жеке тұлғалар мемлекеттік базасы арқылы тексеріледі. Тыйым салынған заттарды (смартфондар, шпаргалкалар) анықтау үшін отандық прокторинг жүйесі де қолданылады. Тестілеу кезінде тыйым салынған заттар табылған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады.

Биыл ҰБТ тапсыруға кететін шығын айтарлықтай қысқарады. Сұрақ кітапшаларын, жауап парақтарын және басқа құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде хабарлағандай, ҰБТ-да 600 миллион теңге үнемдейді. Келесі жылдары бұл сома азаяды, өйткені биыл ҰБТ-ны электронды форматқа ауыстыру шығындары болды