Армениядағы Қазақстан елшісі Никол Пашинянмен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында бірлескен үкіметаралық комиссия отырысын өткізу жоспарланып отыр

Қазақстан елшісі Болат Иманбаев Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинянмен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Әңгіме барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар қарым-қатынастар барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде елеулі әлеуеті мен өсу перспективалары бар екенін атап өтті.

«Осы әлеуетті іске асырудың маңызды тетігі - сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия, оның кезекті отырысы биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланып отыр. Бизнес-байланыстарды жандандыру тұрғысында ол аталған комиссия шеңберінде бизнес-форум өткізу қажеттігін атап өтті», - делінген СІМ хабарламасында.

Сондай-ақ, тараптар жоғары технологиялар, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды. Елші сұхбаттасушысын Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде кешенді дамуда қол жеткізген жетістіктермен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен экономикалық жаңғырту мен саяси реформалардың жүзеге асырылуының барысымен, мемлекетіміздің негізгі халықаралық бастамаларымен таныстырды.