Қазақстанда штаттық орындағы дәрігерлер саны 76 мыңды құрайды – Алексей Цой
Өткен жылы медициналық ЖОО 2171 түлек дайындаған
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізіп жатыр. Еліміздегі медициналық ахуал туралы баяндама оқыған министр мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы саны 76 мың штаттық орында дәрігер бар.
«Қазіргі уақытта елімізде штаттық орындағы дәрігерлер саны 76 мыңды құрайды, оның 32 мыңы - бейінді мамандар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, республикада дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға 40,5-ті құрады. Сонымен қатар, 2020 жылы медициналық жоғары оқу орындары 2 171 түлек дайындады»,- деді министр.
Сондай-ақ, ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етіліп, медицина қызметкерлерінің айлықтары өскен.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 836 маманға көтерме жәрдемақы берілді, 235 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 73 дәрігерге өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы, дәрігерлерге 30%-ға, орта медицина қызметкерлеріне 20% - ға өсті. Осылайша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңгені, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 210 мың теңгені құрайды»,- деді Алексей Цой.