Қазақстан италиялық құрылыс компаниясынан 277 мың доллар өндірді
Әділет министрлігі құрылыс компаниясына қарсы шыққан төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатты
2019 жылдың 11 маусымында Париж қаласындағы Халықаралық сауда палатасының төрелік соты «Todini Impregilo Kazakhdorstroy» БК құрылыс компаниясы бастамашылық еткен дау бойынша Қазақстанның пайдасына шешім шығарды. Талап арыз сомасы 20 млн АҚШ долларын құрады.
Шешімге сәйкес, талапкер 277 000 АҚШ долларын Қазақстан Республикасына келтірілген шығыстар есебінде төлеуі тиіс болды.
«Тодини» төрелік шешімді өз еркімен орындаудан бас тартуына байланысты ҚР Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының аумағында төрелік шешімді тану және оны орындау мақсатында іс-шаралар кешенін өткізді.
Бірінші кезеңде, ҚР Азаматтық процестік кодексінің 503-бабын басшылыққа ала отырып, Әділет министрлігі Нұр-сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына төрелік шешімді тану және орындау туралы өтініш берді. Азаматтық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті материалдарды жинау жүзеге асырылды, төрелік шешімнің, бірлескен кәсіпорынның және корпоративтік құжаттардың түпнұсқасын сот ісін жүргізу тіліне аудару қамтамасыз етілді.
Әділет министрлігі сотты өз талаптарының заңды екендігіне сендіре алды, нәтижесінде сот Әділет министрлігінің талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Кейіннен «Тодини» апелляциялық тәртіппен Нұр-сұлтан қаласының МАЭС ұйғарымын жоюға әрекет жасады. Алайда Нұр-сұлтан қаласының соты өтініш берушілердің талаптарын қолдаудан бас тартты.
«Тодини» төрелік соттың шешімін орындамағандай, сот актісін де өз еркімен орындамады. Осыған байланысты оларды мәжбүрлеп орындау ісі жүзеге асырылды. Нәтижесінде 277 000 АҚШ доллары өндірілді.