Жеті адамға оқ тиген
Қырғыз-тәжік шекарасындағы Кок-Таш елдімекенінде қақтығыс болып жатыр деп жазады 24.kg. Баткен облысы басшыларының мәліметінше, бірнеше үй өртенген.
Бұл жайтты жергілікті тұрғындар да растаған. Қырғыз тарабы өртті тәжіктер қойды дегенді айтып отыр.
«Анықталғандай, Кок-Таш және Ак-Сай елдімекендерінің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Көрші елдің азаматтары қырғыздардың үйлерін өртеп жатыр», - деді жергілікті тұрғындардың бірі.
Аталған қос елдімекеннен 400 адам эвакуацияланған. Олар 4 мектепке жайғасыпты. Жергілікті билік оларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жатыр.
Айта кетейік, екі ел тұрғындарының арасындағы қақтығыс 28 сәуірде басталған. Тәжікстан тарапы шекарадағы электр бағанына бейнебақылау камерасын орнатыпты. Бұған наразылық білдірген қырғыздар алдымен ауызша ескерту жасаған. Тараптар мәмілеге келе алмай, бір-бірін алдымен таспен атса, артынша суық қару қолданған.
Атыс салдарынан Кок-Таш елдімекенінің 30 жастағы тұрғыны көзінен оқ жарақатын алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Дәрігер көмегіне барлығы 11 адам жүгінген. Олардың жетеуіне оқ тиген.