Павлодар облысында бес күннен соң карантин күшейтілуі мүмкін
26 сәуірден бастап облыс «қызыл аймаққа» енді
Павлодар облысында бес күннен кейін карантин күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
«Облысымызда КВИ жұқтырушылар қарқыны өсіп барады. Өткен аптада 308 жағдай тіркелсе, осы соңғы аптада 394 жағдай анықталды. 26 сәуір, яғни бүгіннен бастап облысымыз «қызыл аймаққа» енді. Облыс ішінде Павлодар қаласы, Павлодар және Май аудандары «қызыл аймақта». Баянауыл ауданы ғана «жасыл аймақта», - деді Зәмзәгүл Досжанова.
Зәмзәгүл Досжанова облыстағы эпидемиологиялық жағдай 5 күн бойы бақыланатынын айтты. 5 күн ішінде жағдай ушықса, карантиндік шектеу шаралары күшейтілетін болады.
«Жағдай ушықса, карантин талаптары қалай күшейтілетінін дайындап қойдық. Әлеуметтік ұйымдар жабық түрде жұмыс істейді. Тамақтану орындары сағат 9-20:00 аралығында, 30 адамнан асырмай жұмыс жасайды. Павлодар-Ақсу бағытынан басқа, аудан аралық жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Демалыс күндері монша, сауналар жұмыс істемейді. Жабық емес базарлар жексенбі күндері, жабық базарлар сенбі, жексенбі күндері жабылады. Кеңселерде ұжымның 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшеді», - деді Зәмзәгүл Досжанова.
Сонымен қатар, карантин күшейтілсе, азық-түлік дүкендері сағат 20:00-ге дейін істейді. Ал театр, кинотеатрлар жұмыстары тоқтайды.
Спикердің айтуынша, оқушылар арасында да КВИ жұқтырушылар саны өскен. Жыл басынан бері оқушылар арасында 1573 адам КВИ жұқтырған.
«Олардың ішінде 428 оқушы мектептерге барып оқыған болса, 1145 оқушы қашықтан білім алған. Тек сәуір айында 101 оқушыдан КВИ анықталды. Ал жыл басынан бері 259 мектеп жасына дейінгі балалар арасында КВИ тіркелді. Оқушылар санының өсуі мектептерде әлеуметтік қашықтықтың, бетперде тағу режимін сақтамаудан болуы мүмкін», - деді Зәмзәгүл Досжанова.
Айта кетейік, Павлодар облысында осы уақытқа дейін 20225 адамнан КВИ анықталған. Өткен тәулікте 75 адам коронавирус жұқтырған.