ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанда жерді жекеменшікке беруге қатысты мораторий 5 жылға ұзартылды

Жер комиссиясы аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласын дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады

Фото: ашық дереккөзден

Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беруге қатысты мораторий мерзімін 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен Жер комиссиясының жалпы бес отырысы және жұмыс топтарының 7 мәжілісі өткізіліп, онда 113 мәселе мен ұсыныс қаралды. Оның 20-сы бойынша нақты шешімдер қабылданды. 28 ұсыныс Парламентке және 47 ұсыныс нақты шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі. Жұмыс топтарында күн тәртібінен 18 сұрақ алынып тасталды.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің электронды форматта көпшілікке ашық түрде беру тетігін енгізу керек екенін айтқан Ералы Тоғжанов мәселенің әлі де пысықтауды қажет ететініне тоқталды.

«Кем дегенде 2023 жылға дейін уақыт керек. Азаматтарымыз жердің иелікке немесе пайдалануға берілуі әділетті және ашық өтетініне көз жеткізуі тиіс. Өткен аптада жерді 49 жылға жалға беруге байланысты тарихи шешім қабылданды. Ол шешім жердің қазіргі экономикалық айналымға енуіне толықтай мүмкіндік туғызып отыр. Меншікке байланысты «болады не болмайды» деп шешім қабылдамай, болашақтың еншісіне қалдыру керек», - деп тоқталды ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

Ералы Тоғжанов жерді жекеменшікке беруге қатысты комиссия мүшелерінің түпкілікті шешім қабылдамағанын, себебі, оған әлі де біршама уақыт қажет екенін айтты.   

«Жерді жекеменшікке беру мәселесі өте күрделі. Сондықтан түпкілікті шешім қабылдау үшін біраз уақыт керек екені анық. Аталған жұмыстарды сапалы орындау және енгізу үшін 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт қажет. Сондықтан қазақстандықтар үшін жекеменшікке мораторийді көздейтін норманың қолданылу мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынамыз. Түрлі шешім қабылдап, елді жан-жаққа тартуға еш қақымыз жоқ. Шешім біреу ғана болуы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Осылайша, комиссия мүшелері жерді меншікке беруге қатысты жыл соңына дейін белгіленген нормаларға мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап дауыс берді.

Комиссия отырысына қатысып жатқан 67 адамның 4-уі ғана қалыс қалды, қалғаны мораторийді ұзартуға бірауыздан дауыс берді.

Сонымен қатар, Комиссия аграрлық-өнеркәсіптік кешен саласын дамытуға оң ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Оның ішінде:

- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін негізгі шешім болып табылатын жаңа мерзімге жалға беруді ұзартудың басым құқығымен ауыл шаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін ұзақ мерзімді жалға алу мүмкіндігін беру;

- барлық қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер кадастры деректеріне қолжетімділік жасау;

- жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 2023 жылдан бастап әкімдіктер жанындағы жер комиссияларын тарату;

- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосалқы жалға беруге тыйым салу бойынша;

- қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау бойынша;

- жайылымдық жерлердің жүктемесі туралы өзекті деректерді алу үшін космомониторинг сервисінің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын қамтамасыз ету бойынша;

- жергілікті халыққа орман қоры жерлерін 10 жыл және одан да көп уақыт мал жаю және жем-шөп дайындау үшін пайдалану мүмкіндігін беру, сондай-ақ ауылдық елді мекеннің айналасындағы радиусты халық үшін қоғамдық жайылымдарға енгізу мәселелері бар.

Комиссия ұсыныстарының негізінде арнайы заң жобасы әзірленіп, келесі айда Парламентке өткізілетін болады. Комиссия мүшелері заң жобасы қарау кезінде жұмыс топтарына қатыса алады.