Арал теңізінің құрғаған аумағында сексеуіл егу бағдарламасы қабылданады
Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Арал теңізінің құрғаған табанындағы фитоорманмелиорациялық жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, Арал теңізінің құрғаған табанының көлемі 4,6 млн гектарды құрайды. Оның 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң шығып мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.
«Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекетттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктер егу. Сондықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Дүниежүзілік банк, Ғаламдық экологиялық қор көмегімен Аралдың құрғаған табанында 195 мың гектардан аса жер сексеуіл отырғызылды. Осындай жұмысты Өзбекстан да жүргізіп жатыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев.