Елордада өртеніп жатқан пәтерден баланы құтқарған азамат марапатталды
Ақылбек Қыпшақбаевқа министр «Өрттегі ерлігі үшін» төсбелгісін табыстады

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ақылбек Қыпшақбаевқа көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтып, марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сіз біздің заманымыздың нағыз ержүрек батырысыз. Сіздің ерлігіңіз құрметке лайық. Өйткені, әркім өз өмірін қатерге тігіп, өзге адамның өмірін сақтап қала алмайды», - деп атап өтті Ю.Ильин.
Айта кетсек, өрт 23 сәуірде күндіз сағат 14.00 шамасында Петров көшесі, 5-үйде тіркелген. Бала үйде жалғыз болған.
Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін баланың айғайлап, көмек сұрап жылағанын естіген Ақылбек баланы құтқаруға кіріскен.
Үйдің 5 қабатына жылдам көтеріліп, ашуға мүмкін болмаған темір есіктің әр жағында баланың жылап жатқанын естиді. Ақылбек ойланбастан 4-ші қабатқа түсіп, көршілерінен терезеге өтуді өтінген. Терезеден шығып, баламен сөйлесе бастайды. Өрт сөндірушілерді күте аласың ба деп сұраған, ол күте алмайтынын және түтіннен тұншыға бастағанын айтқан. Сонымен, Ақылбек баланы қолына секіруге көндіреді. Бала қорқынышпен терезеден секіруге бел буады, Ақылбек оны бірден ұстап алды.
«Мен өзім туралы мүлдем ойланып жатпадым, тек баланы құтқаруды ғана ойладым», - дейді кейіпкер.
Ақылбек Қыпшақбаев 1987 жылы Шымкент қаласында туған, үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.
Юрий Ильин Ақылбек Қыпшақбаевқа «Өрттегі ерлігі үшін» төсбелгісін табыстап, отбасына бақыт пен амандық тіледі.