Жүргізуші куәлігінен айырылған: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жаңа басшысы туралы не білеміз

Автор: Azattyq Rýhy

Асқар Маратұлы 9 жыл Ақмола облысында түрлі лауазымды қызмет атқарған

Асқар Маратұлы, фото: gov.kz

22 сәуірде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып Асқар Маратұлы тағайындалды. Ол бұған дейін Ақмола облысы әкімінің орынбасары болған. Сондай-ақ 2015-2017 жылдары – Зеренді ауданының әкімі болған.

Асқар Мұратұлы Зеренді ауданының әкімі кезінде (2015 жылы) жалған нөмірмен көлік жүргізгені үшін бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Бұл туралы 2015 жылы KazTag хабарлады.

Сот 2015 жылдың 8 ақпаны сағат 21.30-да Асқар Мұратұлының серия С508BV мемлекеттік тркеуші нөмірі бар Toyota Land Cruiser 200 автокөлімен Зеренді ауылында қасақана жүргенін анықтаған.

Асқар Маратұлы 1976 жылы туған. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (көліктегі экономика және менеджмент), сондай-ақ Л. Гончаров атындағы Қазақ жол-көлік университетінде (автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы инженері) оқыған.

Еңбек жолын 1998 жылы бастады. 1998-2002 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде түрлі қызметтер атқарды.

«Қазавтожол» РМК-ның Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстық филиалдарында жұмыс істеді.

2007-2012 жылдары – Астана қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде сарапшы, Жамбыл облыстық Қаржылық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары.

2012-2015 жылдары – Ақмола облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

2015-2017 жылдары – Зеренді ауданының әкімі.

2017-2019 жылдары – Ақмола облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

2019 жылдың 3 сәуірінен бері Ақмола облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. 16 сәуірде жұмысын дұрыс атқармағаны үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды.