Берік Шәріп сегіз айдан бері қамауда отыр
21 сәуірде «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сотта ала тыңдау басталды. Сегіз айдан бері қамауда отырған экс-басшы өзін босатуды сұрады.
«Тергеуге белсенді қатыстым, қашпадым. Тергеу амалдарынан жалтармадым. Өйткені айыпсыз екеніме сенімдімін. Ол қазір істе де дәлелденіп жатыр. Сондықтан адвокаттарымның өтінішін құптап, мені босатуларыңызды сұраймын», - деді ол.
Алайда, судья оның өтінішін қанағаттандырған жоқ. «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы сегіз айдан бері қамауда отыр. Берік Шәріп Төтенше жағдай кезінде медициналық бұйымдарды сатып алу барысында өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталып отыр.
2020 жылдың 14 тамызында «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп қамауға алынды.
Берік Шәріп тегін медициналық көмек көлемін қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жөніндегі дистрибьютор компания басшылығына 2020 жылдың 21 сәуірінде келді. Бұған дейін «СҚ-Фармация» басқарма төрағасының міндетін атқарған.
2020 жылдың 10 шілдесінде ол ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қызметінен босатылды.