Экология министрлігі Қобда ауданындағы балықтардың жаппай қырылу себебін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Тоған мал суару үшін салынған, су қоймасының жанында өндірістік объектілер жоқ

12 сәуірде «Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-ге Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жарсай ауылының Кузьмин тоғанындағы балықтардың қырылғаны туралы хабарлама түсті.

Сол күні инспекция мамандары су айдынына тексеру жүргізіп, өлі балықтардың көлемі 4 тоннаны құрағанын анықтаған. Зертханалық зерттеу үшін су мен балықтан сынама алынды.

«Алдын-ала жасалған болжам бойынша балықтардың қырылуына су деңгейінің жеткіліксіздігінен (1,0-1,5 м) қыста суда оттегінің болмауы себеп болып отыр. Нақты себебі тиісті зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін қосымша хабарланады», - делінген Экология министрлігінің хабарламасында.

Анықтама: Кузьмин тоғаны Қобда ауданының Жарсай ауылдық округінде орналасқан. Ақтөбе қаласынан қашықтығы 140 шақырым. Тоғанның ауданы 3 га жуық, ол балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне енбеген. Тоған мал суару үшін салынған. Су қоймасының жанында өндірістік объектілер жоқ.