Вакцинадан кейін түзілген антидене неше уақытқа дейін сақталады – маман жауабы
Маманның пікірінше, бірінші компонентте иммунитет қалыптаспайды
Қазақстанда 13 сәуірден бастап коронавирус инфекциясына қарсы халықты жаппай вакцинациялау басталады. Сол себепті бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздің білікті мамандары вакцинаға қатысты журналистер сұрағына жауап берді.
ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының міндетін атқарушы Манар Смағұлдың сөзінше, антидене 2 жылға дейін сақталады.
«Иммунитет бірінші компонентте қабылданбауы мүмкін, ал екінші компонентте иммунитет қалыптасады. Ресми дерек бойынша, ресейлік Спутник V вакцинасынан соң түзілген антидене 2 жылға дейін сақталады деген болжам бар. Басқа вакциналарға қатысты антиденелер зерттелуде. Иммунитеттің қалыптасуына жаңа штамдардың пайда болуы да әсер етуі мүмкін. Бүгінгі таңдағы вакцина британдық және оңтүстік Африка штаммына да әсер етеді. Егер, вирустың тағы да жаңа мутацияланған түрі пайда болса, зерттеулер әрі қарай жалғасады. Айта кетейін, біз тұмауға қарсы вакцинаны жыл сайын қабылдаймыз. Болашақта бұл да солай болуы мүмкін. Оған қазір нақты жауап бере алмаймыз», - деді Манар Асарқызы.