Түркістандық дәрігерлер шала туған үшемнің өмірін сақтап қалды
Дәрігерлер небәрі 1,5 кг салмақпен туған нәрестелерді 40 бойы күн күтіп, перзентханадан шығарып салды

Түркістан қаласында дәрігерлер шала туған үшемнің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
№3 облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері небәрі 1,5 кг салмақпен туған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып, бүгін перзентханадан шығарып салды. Ұрпағы көбейіп, өрісі кеңейген отбасының жас ана мен шала туған шақалақтардың өмірін арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз.
Дәрігерлердің айтуынша, жүктіліктің 32-ші аптасында әйелге жедел ота жасауға тура келген. Алғаш рет ана атанған Динара Мухитованың жақындары сәбилерге Хадиша, Фатима, Захра есімдерін берген.
Дәрігерлер аман алып қалған үш қыз бала мерзімінен бұрын дүниеге келіп, бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. №3 облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан. Жас отбасы Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының тұрғындары.
«10 наурыз күні үшем дүниеге келді. Дүниеге келгенде нәрестелердің өкпесі дұрыс дамымай, өкпені жасанды желдету аппаратында жатты. Кейін 10 күннен соң жансақтау бөлімінен ауыстырылды. Алғашқыда салмақтары 1 кг 480 г, 1кг 180г және 1 кг 460 болды. Бүгінде сәбилердің денсаулығы жақсы», – деді №3 облыстық перинаталдық орталығының сарапшы дәрігері Гулғайша Ерназарова.
Айта кетсек, былтыр облыстық перинаталдық орталықта 9793 сәби дүниеге келген. Жыл басынан бері 2652 нәресте туған.