Бұл халық көп шоғырланбас үшін қолға алынған шара
Бүгінгі таңда барлық емханаларда екпе кабинеттері, ем шара кабинеттері ұйымдастырылды. Халық көп шоғырланбауы үшін әр күнге учаскелік дәрігерлер арқылы екпе жасатамын деген адамдарды кезек-кезекпен белгіленген уақытта емханаға шақыртатын болады. Вакцинаның көп мөлшерде түсуіне байланысты жылы жерлерде уақытша екпе жасайтын орындар ұйымдастырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті.
Министрлік тарапынан оларға қойылатын талаптар әзірленіп, бекітіледі.
«Вакцинация адамдар көп шоғырланған қалаларда, емханаларда, емханалардың алдында, басқа да медициналық ұйымдарда жасалады. Сондай-ақ, үлкен мегаполистерде халық көп жүретін сауда орталықтарында да ұйымдастырылады. Ең бастысы, вакцинаның суық тізбегі қамтамасыз етіледі, медицина қызметкерлері үшін екпе жасайтын орындар, дәрігерлер қабылдайтын орындар, екпе жасатқаннан кейін жанама әсерлердің болуын бақылайтын орындар дайындалады. Ал ауылдық жерлерде екпе жасау амбулаторияларда, медпункттерде және аудандық емханаларда жүргізіледі. Бұдан басқа, вакцинациялау жұмыстарына жылжымалы көліктер тартылады. Бұл жұмыстар халықтың санына және кабинеттің жүкемесіне байланысты ұйымдастырылады», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, Ажар Ғинияттың айтуынша, вакцина жүкті әйелдерге қолданылмайды, оның аннотациясында жазылғандай, жүкті әйелдердің қатысуымен вакцинаны клиникалық зерттеу жүргізілмеген. Бұл ретте вице-министр екпеден кейін індетке қарсы иммунитет екі айдың ішінде қалыптасатынын ескере отырып, әйелдерге жүкті болғанға дейін екі ай бұрын екпе алуды ұсынды.