Дания Еспаеваның айтуынша, мониторинг топтардың жұмысы нәтижесіз әрі сыбайлас жемқорлық сипатына ие
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын полиция мен әкімдік емес, СЭС жүргізуі тиіс. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева төменгі палатаның кезекті отырысында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халық қалаулысы мониторинг топтардың жұмысы нәтижесіз әрі сыбайлас жемқорлық сипатына ие екендігін айтты. Депутаттың пікірінше, мониторинг топтарда олардың іс-әрекеті үшін жауапкершілік алатын лауазымды тұлға жоқ, сондықтан да тексеріс тобы өз заңымен жүруді әдетке айналдырған.
«Кодекске сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруді СЭС жүргізуі тиіс. Алайда барлық жерде кәсіпкерлерді полиция мен әкімдіктер тексереді. Ал санитарлық дәрігерлер тек осы топтардың «хаттамалары» негізінде айыппұл жазады. Бұл ретте мониторинг топтардың өздері маска режимін сақтамайды, кәсіпкерлердің заңды құқықтарын бұзады, өз қалаулары бойынша объектілердің есіктерін бұзып, залал келтіреді», - деді Дания Еспаева.
Сонымен қатар, Еспаева өңірлердегі бас санитарлық дәрігерлердің қаулылары қисынға келмейтіндігін айтты.
«Санитарлық дәрігерлер енгізген шектеулердің өзі көптеген сұрақтар туғызады. Әр аймақтың өз шектеулері бар, олар көбінесе ақылға қонымсыз. Мысалы, тамақтану орындары мен дүкендердің жұмысын 20:00-ден кейін тоқтату туралы шектеулер енгізді, кей жерлерде 23:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Ал кейбір «қызыл аймақтарда» жұмыс істеу уақыты ұзағырақ. Сонда санитарлық дәрігерлер кафеде автобусқа қарағанда жұқтыру қаупі басым деп ойлай ма? Әлде 22.00-ден кейін вирус кенеттен «оянып» кете ме?», - деді Мәжіліс депутаты.
Осылайша халық қалаулары мониторинг топтарды жою немесе олардың құрамын Кәсіпкерлік кодекске сәйкестендіруді; Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралу дәрежесі бойынша аймақтар үшін бірыңғай санитариялық талаптар әзірлеуді; маска режимін бұзған клиенттер үшін кәсіпкерлерді жазалауды тоқтатуды; сауда, қоғамдық тамақтану және қоғамдық көлік объектілерінің жұмыс күндері мен уақыты бойынша тыйымдарды алып тастауды; ӘҚБтК-нің 425-бабына маска режимін бұзғандарға қатысты қомақты айыппұл тағайындауды алып тастауды ұсынды.
Әсел Оршыбекова, Нұрс-Сұлтан