Алматыда коронавирус инфекциясының таралуы бәсеңдемей тұр
Жандарбек Бекшин қалада карантин талаптарына енгізілген өзгерістерді айтты
Алматыда қауіпті індетті жұқтырушылардың көрсеткіші соңғы бір аптада 21,3 процентке артып отыр. Бұл жөнінде бүгін қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Сондай-ақ ол карантин талаптарына енгізілген өзгерістер туралы да айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.
«Біз күн сайын мамандармен бас қосып қаулыдағы шектеулерге өзгерістер енгізіп отырамыз. Бұл халықаралық жаңа методика бойынша жүзеге асырылып отыр. Яғни ендігі жерде жұқтыру орындарын анықтап, сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз», - деді Бекшин.
Мысалы, қоғамдық көліктердің қозғалысын сенбі, жексенбі күндері қысқартқан еді. Алайда жұқтыру көрсеткіші көбеймесе азаймаған. Сондықтан қоғамдық көліктердің жүру кестесін қайтадан штаттық режимге көшіру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ қаладағы зообақтың да жұмыс жасауына рұқсат берілді. Азық-түлік пен киім-кешек сататын ашық және жабық базарлар тек жексенбі күні ғана жұмыс істемейді. Ал қоғамдық тамақтану орындарының мәселесін үш күн бойы талқылап, бір мәмлеге келдік. Яғни сенбі, жексенбі күндері олар толықтай жабық болады. Ал жұмыс күндері санитарлық талаптарды сақтай отырып таңғы 07:00 мен кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Біздің болжам бойынша сәуір айында да жұқтыру көрсеткіші жоғары болмақ. Сондықтан барлық қала тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Рамазан айы да жақындап қалды. Естеріңізде болса, өткен жылы осы ораза кезінде вирус жұқтыру көрсеткіші жоғарылап кеткен. Сондықтан биыл да жаппай ауызашар жасауға рұқсат жоқ. Тек үй жағдайында отбасымен болуға рұқсат», - деді қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.