$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.04.2021, 18:20
Жаңалықтар

Елбасы Қабдеш Жұмаділовтің қазасына байланысты марқұмның жақындарына көңіл айтты

Қазақстанның халық жазушысы 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды

Елбасы Қабдеш Жұмаділовтің қазасына байланысты марқұмның жақындарына көңіл айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің өмірден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қабдеш Жұмаділұлы қарымды шығармашылығымен, қажырлы қайраткерлігімен қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан аса талантты тұлға болғанын атап өтті.

«Дарабоз дарын иесі өзінің мазмұны бай көптеген әңгімелері мен хикаяттары, кең тынысты эпикалық романдары арқылы ұлттық прозаның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, қилы замандарда түрлі теперіш көрген қазақ халқының талайлы тағдыры мен тарихын, аумалы-төкпелі тұтас дәуірдің келбетін қапысыз сомдады. Оның соңында қалған кесек туындылары – әдебиетіміздің алтын қорында сақталатын шын мәніндегі құнды рухани қазына.

Алаш жұртының қалтқысыз құрметіне бөленген абзал азаматтың есімі мен жарқын бейнесі жұртшылық жадынан ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.

1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарған.

«Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы.

Серіктес жаңалықтары