Үкімет Кореядағы қазақстандықтардың заңды еңбек ету мүмкіндігін қарастыруы тиіс – Мәжіліс депутаты
Бұл елге кетіп жатқандардың дені 20 мен 35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастары
Бір топ Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Елнұр Бейсенбаев Юрий Жулин, Мәди Ахметов, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Вера Ким ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Б. Тілеубердіге депутаттық сауал жолдап, Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтардың мәселесін көтерді.
«Nur Otan» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне заңсыз еңбек ету үшін баратын мигранттардың саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өскен.
«Бұл елге қазақстандық азаматтар заңсыз еңбек ету үшін, соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп жасырын барады. Олардың көбі 20 мен 35 жас аралығындағы белсенді еңбекке қабілетті еліміздің жастары. Сондай-ақ, бұл елде жасырын еңбек етуші азаматтарымыздың құқықтары мүлдем қорғалмаған, кейбір отандастарымыз ауру мен жарақаттан қайтыс болады, өйткені олардың медициналық және әлеуметтік көмек алуға ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы Кореяда 10 мыңға жуық отандасымыз заңсыз, яғни жасырын еңбек етіп келеді. Тіпті короновирус пандемиясына қарамастан ондағы азаматтарымыздың қайтуға ынтасы жоқ», - деді «Nur Otan» фракциясының мүшесі.
Бейсенбаевтың деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяға кеткен мигранттардың негізгі легін еліміздің оңтүстік аймағының тұрғындары, яғни Түркістан өңірі мен Шымкент қалаларының азаматтары құрайды екен. Сондай-ақ, депутат қазақстандық жұмысшылардың ақша аударымдарына қатысты мәліметтермен бөлісті.
«Ұлттық Банктің ресми мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін шетелден азаматтардың қаржылай жеке аударымдарының көлемі 279 млн-нан 614 млн долларға дейін жеткен. Соның ішінде, Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ақша аударымдары 1,7 миллионнан 105 млн АҚШ долларына дейін өсті», - деді Бейсенбаев.
Белгілі болғандай, Оңтүстік Корея 15 мемлекетпен еңбек миграциясын реттеген. Олардың қатарында Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдері бар. Осыған байланысты, халық қалаулысы Президенттің Үкіметке тапсырған мәселесін тілге тиек етті.
«Мемлекет Басшысы 2020 жылдың қазан айында «Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады» деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Алайда, Президент тарапынан берілген тапсырмаға 6 айдан астам уақыт өтсе де, еріксіз, нәпақасын табу үшін кеткендердің жағдайын шешуді қолға алар емеспіз. Осыған байланысты, Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, Оңтүстік Корея мемлекетіндегі қазақстандықтардың заңды еңбек ету мүмкіндіктерін тез арада пысықтауы қажет деп санаймыз», - деп қорытындылады «Nur Otan» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан