Алматыда кафе мен мейрамханалардың жазғы алаңдары жұмыс істей бастады
Бұған дейін палата өкілдері қатаң карантиндік шектеулерден кәсіпкерлердің орасан зиян көріп отырғанын айтып, үндеу жариялаған еді
Алматы билігі қатаң карантиндік шараларға қарамастан кафе мен мейрамханаларға жазғы алаңдарды ашуға рұқсат берді. Қала әкімі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізіп, тараптар осындай шешімге келген, деп хабаралайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы ақпаратты «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі таратты.
Бұдан бұрын палата өкілдері шаһарда коронавирусқа байланысты енгізілген қатаң карантиндік шектеулерден соң кәсіпкерлердің орасан зиян көріп жатқанын айтып, үндеу жариялаған болатын. Бақытжан Сағынтаев локдаун кезеңінде бизнесті қолдау шараларын оңтайландыруға уәде берен еді.
«Бүгін біз Алматының бас санитар дәрігерімен бірге бұл мәселені талқыладық, онда кездесу қорытындысы бойынша жазғы алаңдардың жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылданды, тиісті өзгерістер қаулыға енгізіледі», - деді Almaty live бағдарламасында тікелей эфирге қатысқан Бақытжан Сағынтаев.
«Атамекен» ҰКП Алматыда «Ashyq» пилоттық жобасының жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылдаған. Бизнесті қолдау ұйымы кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселесін көтерді. Атап айтқанда, карантин кезінде қызметкерлердің жалақысына мемлекет бюджеттен тікелей қаржыландыруды, тыйым салулар мен шектеулердің қолданылу уақытына аренда төлемдерін жабуға көмектесуді сұрап отыр. Бұл ретте қала басшысы ұсыныстар екшеліп, салықтық жеңілдіктер бойынша шаралар бойынша келіссөздер жүріп жатқанын және оның Қазақстан Үкіметімен бірге атқарылатынын айтты.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы