Алексей Цой Алматыда жиын өткізді: КВИ-ге қарсы 7 мың төсек-орын дайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Мегаполисте коронавирусқа күрес аясында денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданған

Алматыда жедел штаб отырысында COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері пысықталды. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиынға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Отырыста мегаполистегі COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың мәселелері, сондай-ақ осы жылғы 17 наурызда өткен кеңес барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев КВИ пандемиясымен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданғанын айтты. Медициналық жабдықтарды жаңарту, инфекциялық стационарларға медициналық газ орнату, сарқынды суды зарарсыздандыру мен медициналық қалдықтарды кәдеге жарату сынды кешенді жұмыстар жүргізілген.

Өткен жаздағыдай жағдайға жол бермеу үшін КВИ бар науқастарды анықтау және оларды ауруханаға жатқызу бойынша алгоритмнің әзірленгені, науқастарды бақылау бойынша телемедицина орталығының жұмысы құрылғанын, инфекциялық төсек-орындардың қажетті резерві құрылғанын және дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры барын баяндады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров резервтік төсек-орындар туралы мәліметтер берді. Шаһарда қуаттылығы 7011 төсекті құрайтын 28 ковидтік клиника және 250 реанимациялық клиника дайын тұр. Бүгінде 5000 инфекциялық және 220 реанимациялық төсек-орын бар. РВ-90 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы пайдалануға берілді. Жалпы қуаты 1080 орынды екі жаңа модульдік клиника салынған болатын. Мұндай төсек-орын қоры тәулігіне 500-ге дейін науқасты ауруханаға жатқызуды көздейді.

Әкімнің айтуынша, Алматыда кадрлық резерв қалыптасты. Жұқпалы аурулар стационарларында 2000-ға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Резервте – 2758 медицина қызметкері бар. Клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің жалпықалалық бағдарламасы қабылданды. Мақсаты – қаланың 16 емханасын оттегімен 100% жабдықтау. Жиын қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді.  

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 1100 адамнан коронавирус инфекциясы ПТР арқылы анықталды. Оның ішінде, Алматы қаласында 330, Нұр-Сұлтан қаласы – 185 және Алматы облысында 108 науқас тіркеліп, осы қалалар көш бастап тұр. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 237 300-ге жетті.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы