Алматы әкімдігі дауға айналған тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатты

Жақында Президент Алматыда қала орталығындағы құрылыс жобаларын сынға алған еді

Алматы әкімдігі дауға айналған тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатты
Фото: ашық дереккөзден

Бостандық ауданына қарасты «Жеміс консерві комбинаты» аумағына құрылыс жүргізу жоспары тоқтатылды. Қаладағы Жандосов көшесі, 94, 94/16, 94/8; Ә. Кекілбайұлы көшесі, 6; 20-линия көшесі, 39 мекенжайында орналасқан жер учаскесіне тұрғын үй салу туралы шешім қайта қаралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Халыққа қызмет көрсету объектілері бар көппәтерлі тұрғын үй кешенін салуға арналған жобалау құжаттамасы кері қайтарып алынды. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының ұсынысы бойынша құрылыс салушы құрылыс тығыздығын, қалалық инженерлік желілерге түсетін жүктемені ескере отырып, жаңа эскиздік жобаны әзірлейді және қайтадан ұсынады. Құжат жобасы барлық қажетті процедуралардан, соның ішінде қоғамдық талқылаудан өтеді.   

Бұдан басқа, құрылыс салушы эскиздік жобада әлеуметтік объектілердің, оның ішінде жалпы білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі білім беру нысандарының болуын көздейді. Бұрынғы жоба бойынша қалада құрылысқа жол берілмейді, делінген хабарламада. 

Айта кетейік, алматылықтар бұрынғы жеміс консерві комбинатының орнына тұрғын үй кешенін салуға қарсы болды. Белсенділдердің айтуынша, бұл аумаққа 17 қабаттан тұратын 57 тұрғын үй салу жоспарланған. Осы күнге дейін қала әкімдігі де, құрылыстың бас мердігері де үйлердің қашан салына бастайтынан айтпай қойған еді.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қала орталығындағы құрылыс жобаларын сынға алып, шаһардың тығыздығына, экологиясын  көңіл бөлуді тапсырды.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.