Шетелдік сот сарапшылары қазақстандық мектеп базасында оқудан өтуде

Автор: Azattyq Rýhy

Сот сараптамасы органдарының медицина қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы түріндегі жалақы 40 пайызға дейін ұлғайтылмақ

Фото: ашық дереккөзден

2021-2025 жылдар аралығында республикамыздың 6 өңірінде Сот сараптамалары институтының жаңа алты ғимараты бой көтереді. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

Бүгінде Елордада Сот сараптамалары институтының үлгілік ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Министр алдағы жылдары Шымкент қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Шығыс-Қазақстан облыстарында да жаңа нысандар салынатынын хабарлады.

«Сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасы 70 пайызға жаңартылды, жаңа заманауи функционалдық зертханалық аспаптар мен жабдықтар сатып алынды, тозу нормаларына сәйкес компьютерлік және офистік техника жаңартылуда», - деді Марат Бекетаев.

Бүгінде сот-сараптамалық қызметінде «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияда 55 сот сарапшысы тағылымдамадан өтті, 16 сот сарапшысы оқуын жалғастырып жатыр.

«200-ден астам сарапшы Ресей, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырды. Бүгінгі таңда сарапшы кадрларды даярлаудың қазақстандық мектебінің базасында сот сарапшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар оқудан өтуде. Сонымен қатар, Сот сараптамасы органдарының медицина қызметкерлеріне зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы түрінде жалақыны 40 пайызға дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық шеңберінде Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Қостанай және Павлодар облыстарында қылмыстық істер бойынша жекелеген сараптама түрлерін бәсекелес ортаға беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылғаны белгілі болды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан