ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан бір тәулікте 32 қазақстандық қайтыс болды

Ақмола облысында 100-ден астам елдімекеннің атауы қазақшаланады

Өңірдегі 600-ге жуық ауылдың 240-ы әлі орысша аталады

Ленинский, Ивановка, Петровка секілді идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар өзгереді, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Ал оларды жаңартуға ғалымдар атсалыспақ. Солардың зерттеулерінің негізінде ауыл немесе қалаға оның тарихи атауы беріледі. Жалпы аймақта 2018 жылдан бері 23 елдімекен мен 700-ден астам көше атауы қайта аталған.

Атауы ауысқан елді мекендердің бірі – Зеренді ауданындағы Елікті ауылы. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары құрылған елдімекен, 2019 жылға дейін Березняковка деп аталатын. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл атау сол кездегі іргедегі ат зауытының негізін қалаушылардың бірі Березняков деген кісінің құрметіне қойылған көрінеді. Алайда уақыт өте келе бұл атау ескіріп, ол Елікті деген атпен алмастырылды.

«Елікті – тау. Дұрыс, әрине. Қазақшаға ауылдарды ауыстырып жатыр. Кеңес заманы бітті. Қазақстан мемлекетіне 30 жыл», - деді Елікті ауылының тұрғыны Жақсылық Досымов.

Мұндай мысалдар өте көп. Солардың ішіндегі көпшілікке танымал дегендеріне тоқталсақ. Мәселен, Нұр-Сұлтан – Щучинск тасжолының бойындағы Ақкөл ауданына қарасты Красный горняк ауылы қазір Айдарлы, Целиноград ауданындағы Малотимофеевка ауылы – Аққайың, Максимовка – Арайлы ауылы, Зеренді ауданындағы Раздольное елдімекені – Өзен ауылы болып өзгертілді. Ал алдағы уақытта атауы жаңартылатын жер-су аттарының барлығы тарихқа сүйене отырып қойылады. Қазір бұл бағытта арнайы зерттеулер жүргізіліп жатыр.

«Кейбір атаулардың тарихы бірнеше мың жылдықты қамтиды. Мәселен, менің алдымда мынадай бір кітап жатыр, «Ақмола облысы жер-су атауларының құпиялары» деген. Осы жерде 30 шақты этюд жаздық. Мықтыкөл деп жүр қазір. Шын мәнінде, ол «Мықтың көлі». «Мықтың көлінің» тарихы да сол мық заманымен байланысты. Мық заманы деген ол – қола дәуірі. Одан кейін «Барап» деген ауылды көресіз жолда. «Барап» деген сөздің мағынасы, бүкіл «Еуразиялық мағына» деп айтуға болады. Дала мен тоғай аралас жерлерді, «лесо-степ», соны «Барап» деп ертеде айтқан», - деді тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев.

Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев бастаған бір топ ғалымдар «Ақмола облысының тононимикасы» атты жоба аясында 80 елді мекеннің тарихи атауын анықтаған. Ал Ұлттық музей қызметкерлері Омбы архивінен тағы 45 ауылдың ежелгі атын тапқан. Енді алдағы жылдары сол тарихи атаулар қайтарылады. Жалпы Ақмола облысындағы 600-ге жуық ауылдың 240-ы қазір орысша аталады.