2500 адамға арнап салынған мешіт – қаладағы ең үлкен діни нысан
22 наурыз күні Семей қаласында Абай атындағы жаңа мешіттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Алтайньюс.
2008 жылы түрік мердігерлері салып бастаған нысан құрылысы қаржылық жағдайларға байланысты тоқтап қалған. Араға 2 жыл салып 2010 жылы «Қазақмыс» корпорациясы мешіт құрылысына 100 миллион теңге бөліп, ары қарай жалғастырмақ болады. Алайда, белгілі бір себептермен нысан құрылысы тағы да аяқсыз қалған. Осылайша, 2018 жылы кәсіпкер Дулат Тастекеев бұл жұмысты өз қолына алып, аяғына дейін жеткізді.
Ұлы Абайдың атына берілген мешіт 2500 адамға есептеліп салынған. Қаладағы ең үлкен діни нысан.
Ашылу салтанатына ҚР Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, дін өкілдерімен қала басшылығы және ақын Мұхтар Шаханов пен театр және кино режиссері Асанәлі Әшімов қатысты.
Қала әкімі тұрғындарды мешіттің ашылуымен құттықтап, құрылысқа қатысқан барлық адамға алғысын білдірді.