Қарағанды облысында 111 жастағы қария көрпе тігіп, сиыр сауады
Әжей 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады
Қарағанды облысының Қызылжар ауылында тұратын 111 жастағы Түймекүл әжей әлі күнге құрақ көрпе тігіп, қымыз ашытады. Кейде тіпті сиыр да сауады, деп жазады «Хабар 24» телеарнасы.
Қызылжар ауылына түскен кез келген қонақ Түймекүл әжейдің шаңырағына соғып, батасын алуға асығады. Алыстан қымызын аңсап келетіндер де бар екен.
Түймекүл Темірбаева 1910 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен Арқа жеріне қоныс аударады. Содан ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан.
«Жылқышыға көмекші болып жүрдім. Екі жылдай Қарағандыға бие сауып, қымыз ашытып жіберіп отырдық. Егіншілерге де жібердік. Шалым жылқы бағады. Бармаған жеріміз жоқ», - дейді Қызылжар селосының тұрғыны Түймекүл Темірбаева.
Аштықты, соғысты көрген кейуана 8 құрсақ көтерген. Қазір 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады. 20-ға жуық немересі мен 30-дан астам шөбересі бар әже бүгінде бір ғана әулеттің емес, бүтін бір ауылдың әзиз анасы.
Қарт ананың есту қабілеті аздап жоғалғанмен көзі жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Білгенін келіндері мен немерелеріне үйретуден жалыққан емес.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, апамыз ақ жаулығы желбіреп, кішкентай кезімізден бізге бар тәрбиесін берді. Асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегі айтып беретін, одан мектепке барғанда тамағымызды беретін. Кейін өскен соң, шаруаға іліккен соң бие саууды, сиыр саууды үйретті. Қымызды да баптауды білеміз, қолымыздан барлығы келеді, Аллаға шүкір, апамыз үйретіп жатыр», - дейді немересі Айтолқын Аязбай.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, әжей әлі де тың. Бос отырғанды ұнатпайды. Үнемі қозғалыста жүру денсаулыққа пайдалы деп біледі. Немерелерінің айтуынша, барлық көйлегін өз қолымен тігеді екен.
«Еңбекқорлығының, шаруасының арқасында осы жасқа жеткен шығар деп ойлаймын. Мен шықпа, үйде отыр деп кетемін, келгенде далада жүреді. Малдың қасына барады, күрек, айыр ұстап кетеді. Шелекке жем салып алып, қой-қозыға жем берейін деп кетеді. Жазда бие сауамыз. Кейде үйде адам болмай қалғанда, бие байланып тұрғанда, шелекті алып, обал болады деп барып сауады», - дейді кенже ұлы Сөртібай Темірбаев.
Балаларының сөзін растағандай, әжей еш қиналмастан далаға шығып, сиыр сауды. Сүйегі асыл ана енді шөпшектің қолынан су ішсем деп армандайды.