«Көшіре алмайды»: вице-министрдің дауынан кейін Қазақстан жаңа антиплагиат жүйесіне қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Енді студенттер мен магистрант, докторанттардың жұмысы тек осы антиплагиат жүйесі арқылы тексеріледі

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі әлем бойынша ең үздік деген 15 мың университет қолданатын Turnitin антиплагиат жүйесіне қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Енді студенттер мен магистрант, докторанттардың жұмысы тек осы антиплагиат жүйесі арқылы тексеріледі. Бұл туралы Сенатта депутаттық сауалдарға жауап дайындап келген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Фото: primeminister.kz

Сенаторлар министрге өз сауалдарын алдын ала жолдап, Білім министрі әрбір сұраққа жауап дайындап келген. Сұрақтардың арасында диссертациясы плагиат деп айыпталған бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованы ғылыми атағынан айыру туралы мәселе де бар. Алайда, Асхат Аймағамбетов мұның мүмкін еместігін айтып отыр. Бірақ, осы оқиғадан кейін дипломдық жұмыс жазатын студенттерден бастап, ғылыми диссертация қорғайтын ғалымдарға дейін жұмысын плагиатқа тексеретін жаңа жүйе енгізіліп отыр.

«Депутаттық сауалдар арасында біраз мәселе көтерілген, соның ішінде академиялық адалдық мәселесі, яғни, плагиат мәселесі көтерілді. Ең үздік 15 мың университет қолданатын Turnitin деген антиплагитаттық жүйе бар. Биыл біз осы жүйеге бірінші рет ұлттық деңгейде жазылдық. Нормативтік құжаттарға өзгерістер енгіздік. Енді барлық курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар, әрине, диссертациялар міндетті түрде осы жүйеден өтеді», - деді Білім министрі.

Екіншіден, Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, осы жүйе арқылы тексерілген кез келген құжат оның жадында сақталып қалады. 

«Жасыратын несі бар, сатылатын дипломдар бар, әртүрлі проблемалар бар. Енді бір рет жазылған жұмысты екінші рет қорғап шығу мүмкін болмайды», - деді министр.

Фатима Жақыпованың диссертациясы 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақстан ұлттық университетінде қорғалған. 

«Оның диссертациясы сол уақыттағы талаптарға сай деп санаймыз. Сондықтан, бүгінгі күні ол ғылыми атақты қайтып алуға заңнама шеңберінде ешқандай мүмкіндік болмай тұр», - дейді министр.

Естеріңізге сала кетейік, Білім министрлігінде жұмыс істеген Анар Қайырбекова бұрынғы вице-министр Фатима Жақыпованы қызметі кезінде диссертациясы плагиат деп айыптап, ақыры екеуі де министрліктен жұмыстан шыққан. Анар Қайырбекова қазір ректор, ал, Фатима Жақыпованың жаңа жұмыс орны туралы мәлімет жоқ.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан