$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.03.2021, 10:45
Жаңалықтар

Алматының кіреберістеріне жаңарған экопостар қойылады

Экологиялық ахуал 19 бекет арқылы бақыланады

Алматының кіреберістеріне жаңарған экопостар қойылады

Алматының айналасындағы экологиялық бекеттер түгел алынып тасталды. Олардың орнына газанализатормен және түтін өлшеуішпен жабдықталған жаңа бекеттер қойылады. Жаңартылған алғашқы пост Құлжа трактісі бойына орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Құлжа тас жолында орнатылған жаңа экологиялық бекетке бардым. Мұнда көп компонентті газ талдағыштың көмегімен бензин және газбен жүретін көліктен шығатын улы газдың құрамындағы көмірсутегі, көміртегі оксиді, көміртегі диоксиді, азот оксиді, оттегі тексеріледі. Дизельді отынмен жүретін көліктердегі газдың түтіні де тексеріледі», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Мегаполис басшысының айтуынша, қалаға кіреберісте барлығы 19 экопост жұмыс істейді. Жақында алғашқы екеуі Құлжа трактісі мен Бұқтырма көшесінде іске қосылады. Тестілік режимдегі тексеру кезінде түтіні нормадан асатын шамамен 5 мың жеңіл және 1 мыңнан астам жүк көлігі анықталды. Жақында газ талдағышы мен түтін өлшегіші бар жылжымалы экопатрульдер іске қосылмақ. Сондай-ақ барлық эко-бекеттерде ауа сапасын өлшеп, оның дерегін онлайн-карта мен LЕD-дисплейде көрсететін стансалар орнатылады.

«Бұл – қала экологиясын сауықтырып, атмосфераны ластайтын автокөліктердің үлесін азайтуға бағытталған», - деп атап өтті қала әкімі.  

Бұрын хабарланғандай, экологиялық көрсеткіштерді бақылаудың онлайн картасы мегаполис тұрғындарына қоршаған ортаның жай-күйі туралы, оның ішінде атмосфералық ауаның сапасы туралы мәліметтерге кеңейтілген қол жетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба Алматының экологиялық жағдайы туралы барлык қолжетімді мәліметтерді біріктіретін динамикалық платформа болып табылады. Әр 20 минут сайын онлайн-бақылау станциялары ауа жағдайы туралы ақпаратты жүйеге жібереді. Станциялар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, сондай-ақ ылғалдылық, температура, қысым, жел бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Белгілі бір кезеңдегі орташа мәндер және орташа күндік белгіленген көлемде рұқсат етілген концентрация мәндері көрсетіледі. Жобаның мақсаты – қарапайым азаматтарға, сарапшылар мен мамандарға онлайн форматтағы мәліметтерді беру. Сонымен қатар, оларды талдау негізінде ауа сапасының және басқа параметрлердің өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы құрылады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары