ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Нұр-Сұлтан қаласында колизей ашылады

Ататүрік паркін функционалды түрде стритфуд, спорттық-жаттығу, балалар ойын және мини-экстремалды алаңдарға бөлу жоспарланып отыр

эскиздер: astana.gov.kz

Елорданың Ататүрік паркіне реконструкция жұмыстары жүргізіледі. Мұнда осы жазда көше спортының колизейі пайда болмақ. Екі деңгейлі мультифункционалды аренаның 4 кіреберісі, периметрі бойынша отыратын орны болады. Ал екінші деңгейінде көлеңкелі шатырлар қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі деңгейлі арена баскетбол, футбол жарыстары, бокс турнирлері, би батлдары және гимнастика жарыстары өтетін орынға айналады. Қыста стенд хоккейшілер мен конькимен сырғанаушылар үшін мұз айдынына айналуы мүмкін.

«Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша қала аумақтарын, яғни саябақтарды, скверлерді, аула аумақтарын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, Ататүрік паркін функционалды түрде стритфуд, спорттық-жаттығу, балалар ойын және мини-экстремалды алаңдарға бөлу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында көше спортын насихаттауға баса назар аударылып отыр. Бұл жұмыс бүкіл қала бойынша жалғасатын болады», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Саябақ аумағында стритболға арналған 5 алаң жасау жоспарлануда. Осылайша, бір уақытта әртүрлі алаңқайда ойындар өткізуге болады. Бұл өз кезегінде жарыстарға да ыңғайлы.

Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, саябаққа көлеңке түсіру үшін қалқалар, әткеншектер, көше жиһаздары, жылдам тамақтануға арналған павильондар орнату жоспарланған. Жұмыс биыл басталады.

Естеріңізге сала кетейік, жұмыс «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша жүргізіліп жатыр. Оны жүзеге асыру аясында былтыр елордада 60 қоғамдық кеңістік құрылып, 150-ден астам аула абаттандырылды.