«QazAvtoJol» басшысы күре жолдардың бойында салынатын қымбат әжетханалар жайлы түсіндірді
Бүгін қазақстандық БАҚ-тарда 2022 жылы республикалық жолдардың бойында құны 23 млн теңгені құрайтын 304 әжетхана салынады деген ақпарат тарады. Осыған байланысты «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліп журналистерге күре жолдардың бойындағы әжетханалардың бағасы туралы түсіндіріп берді.
Салынатын әжетханалар құны әзірге нақты белгісіз. Дегенмен, жол бойындағы нысандар салынып біткен соң, оған ұлттық компания күтіп ұстау үшін ай сайын аз 700 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін ақша төлемек.
«Қазір инвестициялық конкурс жасап жатырмыз. Инвестор өзінің ақшасына әкеп дәретхананы қояды. Құрылысына бюджеттен ақша шықпайды. Біз тек оны күтіп ұстау үшін бюджеттен ай сайын ақша төлейміз. Ол 700 мыңнан басталады. Аталған ақша суға, электр желісіне, ішін ретке келтіріп, тазалап отыратын адамның айлығына, тағы басқа шығындарға кетеді. Қалған қаржы соны салған (әжетхана –авт.) бизнесменге пайда ретінде түседі», - деді Ұ. Әліп.
Жол бойындағы әжетханалар ақылы болуы мүмкін. Ол шамамен 50 теңге. Бұл ақша нысанды салған жеке компанияның «қалтасына» түседі.
Әжетхана салу конкурсының алғашқы кезеңі өтіп, тендерді «Qazaqtech» компаниясы жеңіп алған. Енді мердігер компания республикалық дәрежедегі жолдардың бойына 40 әжетхана қоюы тиіс. Оларға жасыл технология қолданылады, су ағызудың вакуумдық жүйесі, күн энергиясы қондырғылары орнатылады. Әрқайсысында үш ауысыммен күзетшілер мен тазалаушылар жұмыс істейді. Осылайша 40 дәретхана арқылы 250 адам жұмыспен қамтылмақ.
«Qazaqtech» пен «ҚазАвтожол» арасындағы келісімшартқа сәйкес, әжетханалар дұрыс жұмыс істемесе, компанияға айыппұл салынады. Егер дәретхана ішінде қағаз, сабын сияқты қажетті дүниелер болмаса, ай сайынғы төленетін ақшаның 2%-ы ұсталып қалынады. Ал әжетхана жұмыс істемей, жабық тұрса немесе уақытылы тазаланбаса, жоғарыдағы көрсеткіш 4%-ға дейін артады. Мұндай талаптардың орындалмауын халықтық бақылау арқылы анықтайды. Яғни, жолаушылар шағымын видео, фото арқылы тиісті мекемеге жолдай алады.
Картада әжетханалар салынатын жерлердің мекен-жайы көрсетілген
Айтпақшы, Ұлан Әліп «Qazaqtech» салатын әжетханалардың арзан болмайтынын жоққа шығармады. Тіпті, жоғарыда айтқан 23 млн теңгеден де қымбат болуы мүмкін.
«Біріншіден, вакуумдық құрылғы қымбат тұрады. Вакуумдық құрылғы деген – судың шығынын азайтатын дүние. Яғни, унитаздағы суды ауамен сорып алады. Екіншіден, дәретхана далада тұрғаннан кейін ол антивалдальды типте салынуы керек. Бізде көшеде тұрған затты қиратып кететіндер көп. Сондықтан, біз сынбайтын айна, сынбайтын унитаз орнатуымыз қажет. Олар қымбат тұрады. Қабырғалары да оңай қирамайтын материалдан болады», - деп толықтырды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан