Елорданың бас санитары неліктен КВИ жұқтырғандар саны артып кеткенін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада Наурыз мейрамын жаппай атап өтуге тыйым салынды

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясының көрсеткіші артқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы аптада ауырғандар санының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласында CОVІD-19 инфекциясы тұрақсыз деп бағаланады, тіркелгендер саны күніне 70-тен 143 жағдайға дейін ауытқып отыр. Соңғы аптада сырқаттану деңгейі алдыңғы аптадан бастап 9,9%-ға жоғары, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш – 59,25 репродуктивтік саны 1,055-ті құрады. Тиісінше, 10 наурыздан бастап қала эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймаққа» өтті», - деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының артуына сондай-ақ, бұрынғысынша тұрғындардың карантиндік іс-шараларды сақтамауы, яғни адам көп жиналатын орындарға баруы, бетперде тағуды ескермеуі, ауырғандар, не олармен жақын байланыста болған адамдардың да үй карантиндік режимін сақтамауы болып саналады.

«Мерекеден кейін әдетте коронавирус жұқтырғандар саны көбейетінін ескере отырып, бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынғанын еске саламыз. Оның ішінде, Наурыз мейрамын жаппай атап өтуге, сондай-ақ қызметі қайта жанданбаған нысандарға баруға тыйым салынған. Санитарлық нормаларды қатаң түрде сақтау, яғни маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет», - деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.