Теміртауда «Жасыл белдеу» пайда болады
Нұр-Сұлтан қаласының жасыл аймағын құру кезінде жинақталған тәжірибе осы жобаға да қолданылмақ
Теміртауда «Жасыл белдеу» пайда болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Вице-министр Ерлан Нысанбаев қала айналасында «жасыл белдеу» құру мәселесі бойынша жұмыс сапарымен Теміртауда болды.
«Теміртау қаласында қалыптасқан экологиялық жағдай жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Биылғы жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, сондай-ақ өткен жылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бұл іс-шаралардың барлығы осы бағытта тиімді көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Теміртау айналасында «жасыл белдеу» құру да пәрменді шара болатынына сенімдімін», - деді Ерлан Нысанбаев мүдделі ведомстволар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте.
Оның айтуынша, Экология министрлігінің «жасыл белдеу» құру тәжірибесі бар. 1997 жылдан бастап елорданың айналасында «жасыл белдеу» жобасы жүзеге асырылуда. 1997-2021 жылдар кезеңінде ағаш отырғызудың жалпы ауданы 87 мың га құрады.
«Нұр-Сұлтан қаласының жасыл аймағын құру кезінде жинақталған тәжірибе Теміртау айналасында «жасыл белдеу» құру кезінде де қолданылады», - деп атап өтті вице-министр.
«Ағаш отырғызу және олардың жерсінуі үшін топырақ талдауын жүргізу қажет. Содан кейін жер жыртуды бастауға болады. Бұл жұмыстар екі жылдан астам уақытты алады. Сонда ғана ағаш отырғызуға кірісуге болады», - деп атап өтті сарапшылар.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы өз кезегінде жобаны қолдауға және «жасыл аймақта» 500 мың ағаш отырғызуға дайын екендіктерін білдірді.