ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

Инвестициялық даулар ауданаралық соттарда қаралмақ

Жаңа институттағы судьялар аталған саладағы ең жоғары жалақыға ие болмақ

көрнекі сурет

Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Бұл - елдегі азаматтардың құқығын қорғау бойынша жаңа институт болмақ. Бұл туралы Сенат депутаты Владимир Волков айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бүгінде еліміз бойынша 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот құрылды. Судьялардың 179 штаты бекітілді. 350 судья Сот төрелігі академиясында қайта оқытылады», - деді сенатор.

Бүгінде құқық қорғау жүйесінде инвесторлардың соттағы дауларын қараудың екі сатысы бар. Біріншісі Нұр-сұлтан қаласының соты, ал Жоғарғы сот жоғары инстанция ретінде жұмыс істейді. Заң жобасына енгізілген өзгерістерге сай инвестициялық даулар бойынша үш буынды қорғау жүйесі белгіленбек. Осыған орай сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиев Жоғарғы сот өкіліне сауал жолдады.

«Өздеріңізге мәлім, инвестициялық даулар - өте күрделі процесс. Осыған байланысты бұл елдің инвестиция тартуына кері әсер етуі де ықтимал. Осыған байланысты аудандық деңгейде судьялар мұндай істерді қарай ала ма?», - деді өз сауалында Мұхтар Жұмағазиев.

Жоғарғы сот өкілі әділдік таразысындағы мұндай өзгеріс бірінші кезекте инвесторларға тиімді екенін айтты. Сонымен қатар, жаңа институттағы судьялар аталған саладағы ең жоғары жалақыға ие болмақ.

«Жалпы бұған дейін осы бағытта 4 жарым млн іс мен материал болды. Қазір бір жарым миллионы қалды. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазір инвесторларда екі ғана инстанция бар. Олар үшіншісін сұрады. Бұл олардың сотта құқығын қорғауға тиімді. Енді инвесторлардың әкімшілік дауларын Нұр-Сұлтан қаласының жаңа әкімшілік соты, ал инвесторлардың азаматтық дауларын Нұр-Сұлтан қаласының экономикалық соты қарайды. Бұл соттарда ең тәжірибелі судьялар жұмыс істейді.  Олардың жалақысы сот жүйесіндегі ең жоғары сомаға ие. Конкурста бір орынға 20-дан астам адам қатысады», - деді Жоғарғы сот судьясы Аслан Төкеев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан