Павлодар облысында тәртіп бұзушылардан 138 млн теңге өндіріліп алынды

Тәртіп бұзғандардың сексен пайызға жуығы – жол қозғалысы ережелерін бұзғандар

Павлодар облысында тәртіп бұзушылардан 138 млн теңге өндіріліп алынды

Павлодар облысында тәртіп бұзушылардан 138 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері Павлодар полицейлері әкімшілік заңнаманы бұзғаны үшін 22 мыңнан астам материал қозғады. Биылдан бері Әкімшілік полиция басқармасы түрлі құқықбұзушылық үшін 235 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салды. Сот орындаушыларымен бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде 138 миллионнан астам айыппұл өндірілді», - деді Павлодар облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Арыстан Дүйсембаев.

Тәртіп бұзғандардың сексен пайызға жуығы – жол қозғалысы ережелерін бұзғандар.

30 жастағы Сергей бірнеше ай бұрын қоғамдық жерде темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Тек әкімшілік полиция инспекторлары ескерткеннен кейін ғана «Азаматтарға арналған үкімет» порталы арқылы айыппұл төледі. Ер адам үйден шықпай-ақ, осы портал арқылы «Айыппұлдар» бөліміне кіріп, қарызын төлегенін айтады.

Айыппұл төлеудің онлайн түрі өте ыңғайлы, қажетті кабинетті іздеуге, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Полицейлер айыппұлды уақытылы төлеу қажеттігін еске салады. Төленбеген жағдайда, хаттама жасалғаннан кейін 30 күн өткен соң айыппұл салынған азаматтардың деректері Павлодар облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына одан әрі айыппұл санкцияларын салу үшін, мүлікті тәркілеуге және елден тыс жерлерге шығуға тыйым салуға дейін беріледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.