Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы қанша күнге созылады

Автор: Azattyq Rýhy

3-ші тоқсанда 1-сынып оқушылары үшін қосымша демалыс берілді

Фото: postupi.online

Қазақстандық мектеп оқушыларының көктемгі демалысы 12 күнге созылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы 20-31 наурыз аралығында – 12 күн болады. 4-тоқсанның сабағы 1 сәуірде басталады», - делінген министрлік хабарламасында.

Сонай-ақ ведомство 3-тоқсанда 1-сынып оқушылары үшін қосымша демалыс болғанын мәлімдеді. Ол 7 күн, яғни 8-14 ақпан аралығында болған.

Еске салсақ, оқу жылының 3-тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, аралас оқыту (пәндердің 70 пайызын – дәстүрлі форматта, 30 пайызын – қашықтан) форматына көшірілді.

Сонымен қатар, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 1 наурыздан бастап мектептерде білім беру аралас форматқа көшірілгендіктен, 1-5 сынып оқушылары мектепте оқи бастады.