Биыл Павлодар мен Семей бағытындағы автожолдың 207 шақырымы пайдалануға беріледі

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар, «Павлодар-Семей» автожолының ұзындығы 46 шақырым учаскесіндегі қайта жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын

Қазавтожол

2019 жылы «Нұр-Сұлтан-Павлодар» және «Павлодар-Семей» тасжолының 207 шақырымы пайдалануға беріледі. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» баспасөз қызметі хабарлайды.

- Биыл «Нұр-Сұлтан-Павлодар» (161 км) және «Павлодар-Семей» (46 км) автожолының қайта жаңарту жұмыстарымен қамтылған 5 учаскесін пайдалануға беру жоспарланған. Учаскелердің жалпы ұзындығы 207 шақырымды құрайды. Бүгінде ұзындығы 166 шақырым «Нұр-Сұлтан-Павлодар» автомобиль жолындағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жолшылар жол табанының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеп, жол белгілерін, қоршаулар мен қауіпсіз қозғалысқа қажетті өзге де жол элементтерін орнату жұмыстарын жалғастыруда, - делінген хабарламада.

«Павлодар-Семей» автожолының ұзындығы 46 шақырым учаскесіндегі қайта жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі таңда мамандар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қоршауларды, жол белгілерін, сигналды бағаналарды орнатып, жолақтарды салу жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш учаскелердегі қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылда толық аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылдың қорытындыларына сәйкес Қазақстандағы жолдардың 641 шақырымында қозғалыс ашылады деп хабарлады. Жыл соңына дейін «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Щучье – Зеренді», «Бейнеу – Ақжігіт», «Жетібай – Жаңаөзен», «Таскескен – Бақты», «Теміртау – Қарағанды» учаскелерінде толықтай аяқталмақ.