Нұр-Сұлтанда із-түссіз жоғалған жігіт туралы жаңа деректер пайда болды
Әнуар Байзуров уақытының көбін құмар ойын ойнайтын ойынханаларда өткізген
Бірнеше күннен бері іздестіріліп жатқан 24 жастағы Әнуар Байзуров туралы елордалық полиция жаңа мәліметтерді жариялады. Жас жігіт уақытының басым бөлігін құмар ойындар ойнайтын орындарда өткізген деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Бұған дейін хабарланғандай, жоғалған жігіттің телефоны өзге ер адамнан табылған еді. Полиция смартфонды Әнуардың өзі сатқанын да анықтап отыр. Бұл сәт тіпті, бейнебақылау камераларына да жазылып қалған.
«Телефондарды алып-сатумен айналысатын кәсіпкер бутиктегі бақылау камерасының жазбасын көрсетті. Телефонды Байзуровтың өзі келіп сатып кеткен», - дейді Криминалды полиция басқармасының басшысы Дмитрий Демидов.
Тергеушілер Әнуардың мейрамханада бармен болып жұмыс істегеніне де күмәнмен қарайды. Тіпті, оның туыстары да мейрамхана туралы ешқандай ақпарат айта алмай отыр. Жұмыс істеймін деген жеріндегі қызметкерлер оны бұрын-соңды көрмегенін айтыпты. Әйтсе де, ойынханаларда жүргендер Әнуарды суретінен бірден таныған.
«Ерікті азаматтармен бірге жүргізілген іздеу шаралары барысында Байзуровтың ойынханаларға күндіз және түнде жиі келетіні анықталды», - деді Д.Демидов.
Әнуардың анасы болса ұлының қмар ойын ойнайтынын білмейтінін, алайда көңілінде күдіктің болғанын айтады.
«Біз оның «Олимптегі» құпия сөзін тауып, кабинетіне кірдік. Ойнайды екен, бірақ көп ақша тікпеген, әр ойнағанда 1000-2000 теңгеден ғана тігіпті», - дейді Әнуардың анасы Амина Ибраева.
Қазір полиция Әнуар Байзуровты әлі іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылған.