$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.03.2021, 17:27
Жаңалықтар

Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Оның орынбасары мен экс-аппарат басшысы бостандыққа шықты

Қызылорда облысының экс-әкіміне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды
Фотода: Қуанышбек Ысқақов

Бүгін Қызылорда облысындағы әкімдер ісіне байланысты апелляциялық алқаның сот үкімі шықты. Бірінші сатыдағы сот үкімі өзгертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мұрат Имандосов пен бұрынғы аппарат басшысы Марат Делмұхановтың қылмыстары қайта сараланды. ҚР ҚК 190-шы бабы қайта сараланып, олардың қылмысы 361-ші бабқа ауыстырылды. Сәйкесінше, бұған дейін 6 жылға сотталып кеткен шенділердің жазасы жеңілдеп, қос шенеунікке 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

«Кәсіпкер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмаиловтың да қылмыстары қайта сараланып, Қылмыстық кодекстің 432-ші бабына ауыстырылды. Екеуіне де 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот алқасын облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев басқарып отырды. Бұрын бесеуі де қамауда отыр еді. Төртеуі бостандыққа шықты, олар пробациялық бақылауда болады», - деді адвокат Ләззат Ахатова.

Сот басты фигурант Қуанышбек Ысқақовтың жазасын өзгеріссіз қалдырды. Ол бұған дейін 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған Арыс қаласына бөлінген қайырымдылық қорының 80 миллион теңгесін қолды қылды деген айып тағылған болатын. Енді экс-әкімнің қорғаушылары Жоғары cотқа шағымданбақ.

«1,5 сағат үкім оқылғанда Қ.Ысқақовтың нақты қылмысын дәлелдейтін істі көре алмадық. Облыстық соттан сонша үміттенген халықтың сенімі тағы ақталмады. Әділетсіздік жайлаған қоғамда әділдікке жету де қыруар еңбекті талап етеді. Ендігі үміт соңғы сатыдағы – Жоғарғы cотта. Бірақ сенім аз. Сонда да үніміз жеткен жерге дейін барамыз», - деді адвокат.

Серіктес жаңалықтары