Қазақстан үш жылдан кейін өз нарығын құс етімен толығымен қамтамасыз етеді

Қазір құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады

Қазақстан үш жылдан кейін өз нарығын құс етімен толығымен қамтамасыз етеді
Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен 80%-дан астам деңгейде толықтыру, 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, өңделген өнім экспортын 2 есе арттыру бойынша міндеттер қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру міндетін шешу үшін министрлік импорттың кейбір позицияларын қысқарту қажет деп санайды. Бұл – құс еті, шұжық, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық импорты. Алдағы үш жылға әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», – деді ол.

Министрдің айтуынша, қазір құс етін өндіру көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана қамтып отыр.

«Толық қамту үшін қосымша 171 мың тонна құс етінің қуатын арттыру қажет. Өткен жылдың өзінде қуаттылығы 94 мың тонна болатын сегіз құс фабрикасы іске қосылды. Алдағы үш жылда жалпы қуаттылығы 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобаларды енгізу үш жыл ішінде құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.

Бұл ретте ішкі нарық отандық өндірістің шұжық өнімімен 62 %-ға қамтамасыз етілді, деп жалғастырды Омаров.

«Толық қамту қуаттылығы 77,8 мың тонна алты ет комбинатын енгізу, сондай–ақ айналым мақсаттарына арналған қаржыландыру және фермерлерді мал союға өткізуге ынталандыру есебінен қамтамасыз етіледі», - деп толықтырды министр.

Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды.

«Жыл сайын 35 өндірістік сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте олардың 48-і іске қосылды, олардың 17–сі өнеркәсіптік, жалпы қуаттылығы 98 мың тонна сүт шығарады», - деп нақтылады Омаров.

Сонымен қатар, алманы жалпы тұтыну 344,3 мың тоннаны, ал импорт 144 мың тоннаны құрайтыны айтылды.

«Ішкі нарықты молықтыру 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен болжанып отыр. Жаңа бақшаларды салуды негізгі бау-бақша өңірлеріне шоғырландыру ұсынылады: Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары мен Шымкент. Жыл сайын орта есеппен 2 мың га отырғызу жоспарлануда, бұл біртіндеп алма тапшылығын азайтуға және 2024 жылы толық өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министр.

Қантқа келетін болсақ, қазіргі уақытта оның тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды.

«Ішкі нарықты молықтыру Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаттылығы 150 мың тонна болатын жаңа зауыт салу есебінен көзделіп отыр. Қосымша 175 мың тонна өндіріс есебінен қант тапшылығын шешу және 80% қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарлануда», - деді ол.

Бұл ретте балық өнімдерімен қамтамасыз ету 60,8%-ды құрайды.

«Ішкі нарықты молықтыру үшін өндіріс қуаты 13,5 мың тонна балық өндіретін сегіз жоба іске қосылады. Бұл нарықты 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның 65%-дан астамы импортты алмастыру аясында іске асады. Сондай–ақ, бұл тізбеге АӨК экспорттық әлеуетін арттыру бойынша жобалар, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірқатар жобалар енгізілген», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Осылайша, жыл сайын орта есеппен 75-тен 80-ге дейін жобаны енгізу жоспарлануда.

«Жеті ірі экожүйені құру бойынша дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда», - деп түйіндеді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.