Қостанай облысында 95 елдімекенді су басуы мүмкін
Көктемгі тасқынға дайындық жұмыстары жүріп жатыр
Қостанай облысында 95 елдімекенді су басуы мүмкін. Егер қар күрт еритін болса, екі мыңнан астам үйді су шайып кету қаупі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір көктемгі тасқынға барынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ақпан айында бірнеше күн бойы соққан қарлы боран жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Осы мерзімде айлық нормадан 3-4 есе көп ылғал түскен.
«Негізінен бізді жеке секторға жиі шақырады. Себебі арықтарды тазартып үлгіре алмай жатады. Сондықтан су жайылып, үйлерге кіреді. 2018 жылы біздің жігіттер қаншама үй жануарын су басқан аумақтардан алып шықты. Қайықпен азық-түлік жеткізіп, адамдарды тасыдық», - дейді Жітіқара қалалық құтқарушылар қызметі бөлімшесінің басшысы Серік Естекбаев.
Ауданда қазір шұғыл топ жұмыс істеп жатыр. Олар өзен-көлдерді, су қоймаларын ұдайы бақылауда ұстайды.