Түркістан әуежайынан халықаралық рейстер ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Түркістан мен Ыстамбұл арасында рейстер ашуға дайындық жүргізіліп жатыр

Түркістан қаласы әуежайынан жақында алғашқы халықаралық рейстер орындалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отандық әуе компаниялары Түркістан қаласының әуежайынан халықаралық рейстер ашуды жоспарлап отыр.

«2021 жылдың наурыз айында «Эйр Астана» әуе компаниясы Түркістан мен Ыстамбұл қалалары арасында аптасына 7 рейспен ұшуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «SCAT» әуе компаниясы Түркістан – Ыстамбұл бағытында аптасына 2 рейстен орындай бастайды», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті жүргізген жұмыстың қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы № 79 қаулысымен Түркістан қаласының әуежайына халықаралық әуежай мәртебесі берілді.

Қазіргі уақытта Түркістан мен Ыстамбұл қалалары арасында рейстер ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Анықтамалық мәлімет:

Түркістан қаласы әуежайының құрылысы 2020 жылдың күзінде аяқталды. Бұл әуежайға алғашқы тұрақты рейс 2020 жылдың 1 желтоқсанында жасалды.